Республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 84,84-ті құрады
АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 84,84 балды құрады (2009 жылы 74,9 балл),
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім және ғылым министрлігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, ҰБТ-ға 107 мың 543 мектеп түлектері қатысты (2009 жылы 106 мың 805). Оның ішінде 67743 қазақ тілінде, 39800 орыс тілінде тапсырды. Орташа балды есептеу кезінде аймақаралық тестілеуге қатысушылардың орташа пайыздық көрсеткіші есепке алынды. Ең жоғары орташа балл Астана қаласында (97,43), Павлодар облысында 94,36, Шығыс Қазақстан облысында 93,29 тіркелді. Атап айтқанда, алтын белгіге үміткер 3632 түлектің 3573 тестілеуден өтіп, 2529 өз білімін дәлелдеп шықты.