Республика күні қарсаңында Түркістан облысының Қарақұм ауылына табиғи газ берілді
Түркістан облысының Қарақұм ауылында 150 орындық мәдениет үй ашылып, ауылға табиғи газ берілді, деп хабарлайды Kazinform.
Республика күніне орай Ордабасы ауданына қарасты Қарақұм ауылында 150 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков қатысып, жаңа ғимараттың лентасын қиды.

Тұрғындардың бос уақытын мәдени демалыспен өткізуге арналған жаңа ғимараттың құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жалпы ауданы 429,6 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта хореография, вокал, эстрада, домбыра, көркемсөз, қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. Онда оншақты қызметкер еңбек етеді. Аталған үйірмелерге 150-ге тарта жас өнерпаз тартылмақ.
Мерекелік шара барысында қонақтар мәдениет үйінің ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, ғимарат ішін аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Қарақұм елді мекеніне табиғи газ берілді. Жалпы ұзындығы 24,665 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 600-ге жуық абонет табиғи газды тұтынатын болады.
Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары, халық қалаулылары көгілдір отынның алауын жағып, ауылда газға қосылған тұрғын үйдің қуанышын бөлісті.
