Республика күні: Түркістан облысының киелі орындарын туристік автобуспен тегін аралауға болады
Түркістан облысының киелі орындарын туристік автобуспен тегін аралауға болады, деп хабарлайды Kazinform.
Әр аптаның сенбі-жексенбі күндері Шымкент қаласынан Түркістанға тегін автобус қатынай бастады. «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының бастамасымен іске қосылған жобаның басты мақсаты – Түркістандағы саяхатшылар санын арттыру.
Ақысыз туристік бағыт – көптеген азаматтарға киелі өңірлерді көруге мүмкіндік беріп отыр. Тур аясында ең алдымен саяхаттаушылар тарихтан сыр шертетін Отырар төбе мен Арыстанбаб кесенесіне зиярат етеді. Одан соң туристер Ясауи кесенесі мен көне Түркістан шаһарының заманауи жаңа келбетімен танысады.
Айта кетейік, автобус Шымкент қаласынан әр сенбі-жексенбі күндері сағат 09:00-де «Shymkent Grand Hotel» қонақ үйінің автотұрағынан жолға шығады. Автобустан орынды алдын ала https://goturkistan.com/shymkentturkistan сайты арқылы брондауға болады.