Республика күні: Елордада аламан бәйге өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада Ұлттық мерекеге орайластырылған аламан және топ бәйге өтті. Оған еліміздің әр қаласы мен өңірінен келген шабандоздар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс Астана маңында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өтті. Оны тамашалауға келген халық қарасы көп болды.

«Жарыстың басты мақсаты – ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтау. Сайысты Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы, қалалық «Дене шынықтыру және спорт басқармасы», Астана қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр», - деді Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.

Келушілердің пікірінше, топ және аламан бәйге тартысты өтті. Шабандоздар кіші бәйгеде - 14, аламанда - 20 шақырым қашықтықта бақ сынасты. Топ бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 19 шабандоз қатысты. Ал аламанда 30-ға жуық қатысушы өзара кім мықтыны анықтады.

Жарыстың қорытындысына сәйкес, топ бәйгеде Алматы облысының намысын қорғаған Абзал Тұрғамбек (сайыс аты «Великий») мәреге бірінші келді. Екінші орынды қостанайлық Нұрасыл Ахметов (сайыс аты «Бақторы»), үшінші орын Ақмола облысынан келген Нұртілеу Ырымхан (сайыс аты «Барса») иеленді.

Аламан бәйгенің бас жүлдесін «Айбар» лақап атымен жылқысын ерттеген Алматы облысының шабандозы Арнат Мұратхан жеңіп алды. Екінші орын павлодарлық Асхат Рақымжановқа (сайыс аты «Червонец») бұйырса, үздік үштікті Түркістан облысының шабандозы Арнұр Саматұлы (сайыс аты «Ботагөз») қорытындылады.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қоса кетсек, бәйгенің жүлде қоры 17 млн теңге.


Соңғы жаңалықтар