Республика күні: Кентауда мектеп басшылары мен ұстаздар Әнұранды шырқады
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Республика күніне орай Түркістан облысының Кентау қаласындағы білім ұяларының басшылары мен ұстаздары Әнұранды орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кентау қаласында 360 ұстаздың қатысуымен «Патриотизм дауысы» тақырыбында іс-шара өтті. Онда әдіскерлер мен мектеп басшылары, педагогтер, балабақша меңгерушілері қолдарын көкірек тұсына қойып, Әнұранды жанды дауыста орындады.
«Еліміздің жарқын болашағы үшін қалыптасқан бұл мерекенің маңызы зор. Осы тұрғыда елдің әрмен қарай даму бағытында ұстаздардың қосар үлесі көп. Жас ұрпақты білімді етіп тәрбиелеуде қажырлы еңбек ететін боламыз», – деген қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Айгүл Мақұлбекова халықты мерекемен құттықтады.
Патриоттық шара «Менің арманымдағы Қазақстан» флешмобына ұласты. Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы орта мектеп оқушылары би биледі. Ұстаздар тарапынан Атамекенге арналған әндер шырқалды.
Республика күніне арналған іс-шаралар қаладағы «Көктөбе» демалыс аймағында жалғасты. Онда колледж жастары көк туды желбіретіп, Әнұранды шырқады. Қаладағы каратэ-до шотокан үйірмесінің жас спортшылары өз шеберліктерін көрсетті.







