Республика күніне орай Жетісуда әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан ел игілігіне берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Республика күні қарсаңында Жетісу облысында әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың қатарында медициналық пункттер, спорт алаңдары, халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін цифрлық кеңсе де бар. Сол сияқты ауыл тұрғындарына көгілдір отын берілді.

Атап айтқанда, Көксу ауданында мереке қарсаңында игі жаңалықтар көп болды.

Мәселен, Жамбыл ауылында бір жарым айдың ішінде блокты-модульді панельдерден салынған жаңа медициналық пункт іске қосылды. Нысан толық жабдықталған, онда фельдшер мен акушерлер кабинеті, процедура және егу бөлмелері, фильтр, медициналық қалдықтарды жинақтап, сақтайтын орын бар.

Ал Зылиха Тамшыбай ауылына көптен күткен газ жеткізілді. Енді көгілдір отынның игілігін мұндағы 400 отбасы көре алады. Оған қоса Теректі ауылының балалары үшін құны 22 млн теңгеден асатын спорттық ойын алаңы пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Үштөбе қаласында Республика күніне орай 30 пәтерлі баспананың кілттері табысталды. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Исабеков, Үштөбе қаласының тұрғындары және мердігер мекеме өкілдері қатысты.

Тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Үй құрылысына 405,6 млн. теңге жұмсалды.

Жаңа үйде 2 бөлмелі 10 пәтер және 3 бөлмелі 20 пәтер бар.

Қоныс той иелері қатарында 20 пәтерге - 1 және 2 топтағы мүгедектер, Ауған соғысының ардагерлері, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы азаматтар ие болды, тағы 5 пәтер жетім балаларға, 5 -і көп балалы отбасыларға бұйырды.

Аудан басшысы тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, ауданда жақын арада 40 пәтерлі коммуналдық үйдің құрылысын бастау, сондай-ақ «Көкдала» шағын ауданында 20 жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Заманауи спорт нысаны Сарқан ауданы Сарқан қаласында да ашылды. Ақын Сара атындағы мектепте стадион салынды. Оған жергілікті бюджеттен 59 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін Сарқан ауданында 4 футбол стадионы, 8 балалар ойын алаңы, 5 воркаут алаңы іске қосылады. Ауданда мереке қарсаңында ашылған нысанның бірі – халыққа қызмет көрсету орталығының «Цифрлық кеңсе» бөлімшесі.


Соңғы жаңалықтар