Республика күнін бейбіт өмірдің қадірін түсіне отырып атап өту керек - жапон профессоры

республика күні
Фото: ғалымның жеке мұрағатынан

Жапонияда Қазақстанның Республика күніне ұқсас ұлттық мереке жыл сайын 11 ақпанда аталып өтеді. Ол - Кэнкоку кинэнби мейрамы. Бұл туралы Kazinform тілшісіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің доценті, шақырылған профессор Ниномия Такаши айтып берді.

«Жапонияда сіздердің Республика күніне ұқсас ұлттық мереке аталып өтеді. Ол — жыл сайын 11 ақпанда тойланатын „Кэнкоку кинэнби“ мерекесі. Себебі, 11 ақпан — Жапония мемлекетінің алғаш құрылған күні. Ол сондай-ақ Жапонияның алғашқы императоры Джиммуның таққа отырған күні», — дейді Ниномия Такаши.

Оның сөзінше, жапон мен қазақ халқының арасында біраз ұқсастық бар.

«Екі елге тән, ортақ нәрсе бар — жаңа туған сәбидің бөксесінде „моңғолдың көк дағы“ болады. Ұлттық тағамдарға келер болсақ, бұл жерде ұқсастық аз. Жапон халқы қазақтар сияқты етті көп жемейді. Мен Қазақстанға келгенге дейін жылқы етін жеп көрмеппін. Дегенмен Жапонияда қазақтың дәстүрлі тағамы наурыз көжеге ұқсас тағам бар. Ол „Нанакуса гаю“ деп аталады. Жапондар оны қаңтар айында жейді. Ол — жеті шөптен жасалған көже», — дейді жапон профессоры.

Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін ғалым оны қалай үйренгенін айтып берді.

«ҚазҰУ-дың дайындық факультетінде екі жыл қазақ тілін оқыдым. Университетте оқи жүріп, әріптестеріммен, такси жүргізушілерімен қазақ тілінде көп сөйлесіп, жаттыға бердім. Негізі қазақ тілін үйрену маған оңай болған жоқ. Себебі онша жас емеспін әрі сөздерді есімде сақтау қиын болды. Ал қазір нәтижесін көріп тұрсыз, жаман емес деп ойлаймын», — дейді кейіпкеріміз.

Ол қазақстандықтарды бүгінгі Республика күнімен құттықтады.

республика күні
Фото: ғалымның жеке мұрағатынан

«Бұл мереке — Қазақстан халқы үшін бейбітшілік символдарының бірі. Менің ойымша, Қазақстан халқы ғана емес, әлемдегі барша халықтар тыныштық пен бейбітшілікті қалайды. Сондықтан Қазақстанда және әлемде тек татулық болсын деген тілегім бар», — деді ол.

Профессордың ойынша, қазақстандықтар бүгінгі Республика күнін үйінде демалып та, жұмысында еңбек ете отырып атап өтуіне болады.

«Бейбітшіліктің қадірін түсіне отырып, отбасы мен достардың ортасында атап өткен дұрыс деп ойлаймын. Әрі бұл күні адамдар тек таныстарына ғана емес, бейтаныс жандарға да мейірім көрсетіп жатса, артықтық етпейді», — дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, шақырылған профессор Ниномия Такаши.

Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар ұлтты мереке — Республика күнін атап өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар