Республика мектептерінде мұғалім тапшылығы 2440 адамды құрап отыр
АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Бүгінгі таңда мектептердегі мұғалім кадрларының тапшылығы республика бойынша 2440 адамды құрап отыр», дейді Білім және ғылым министрілігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктің ресми өкілінің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта республика мектептерінде 267 736 мыңнан астам мұғалім еңбек етсе, ағымдағы жылы олардың қатары 6 мыңға жуық жас маманмен толығады екен. «Дегенмен, республика бойынша мұғалімдердің жетіспеушілігі анық байқалады. Бізде физика пәнінен - 218, математикадан - 293, дене шынықтырудан - 165, ағылшын тілінен - 275 және бастауыш сыныпқа - 159 мұғалім жетіспейді», дейді С.Ырсалиев.
Оның сөзіне қарағанда, ауыл мектептерінде қызмет ететін жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдар 89110 теңге мөлшерінде көтерме ақы беруді қарастырған.
Осы орайда Орта білім департаментінің директоры Н.Аршабеков қазіргі уақытта 35 291 мыңнан астам мұғалім ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, тілдерді оқыту технологиясын жетілдіру саласында қайта даярлау және біліктілік арттыру курстарынан өткендігін атап өтті.