Республика мектептерінде өртке қарсы нормалар мен қағидалардың 10 мыңнан астам бұзылуы анықталды
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Республика мектептерінде өртке қарсы нормалар мен қағидалардың 10 мыңнан астам бұзылуы анықталды. Бұл туралы бүгін ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті Мемлекеттік өрт бақылау және анықтау басқармасының бас маманы Сәуле Ахметова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ағымдағы жылы білім беру нысандарындағы өрт қауіпсізді жай-күйін бақылауды 2 кезеңмен жүргізген. Мәселен, наурыз-сәуір айларында Мемлекеттік өрт бақылау қызметі республикадағы барлық оқу орындарының өртке қарсы жай-күйіне кешенді тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде білім беру ұйымдарының басшыларына анықталған бұзушылықтар туралы акті берген. Алайда шілде-тамыз айларында жүргізілген тексеру нәтижесі бұған дейін анықталған бұзылушылықтардың әлі де жойылмағандығын көрсетті
«Осылайша, мемлекеттік өрт бақылау органдары 3759 нысанның өртке қарсы жай-күйіне қайта тексеру жүргізді. Оның барысында өртке қарсы нормалар мен қағидалардың 10 мыңнан астам бұзылуы анықталды»,- деді ол.
С.Ахметованың айтуынша, осыған байланысты 2007 лауазымды тұлға 24 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.