Республика мектептерінің 69 пайызы автоматты түрде өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған

ТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республика мектептерінің 69 пайызы автоматты түрде өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған.

Республика мектептерінің 69 пайызы автоматты түрде өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған

Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

«Республикада мектептердің 69 пайызы автоматты түрде өрт сөндіру құрал-жабдығымен жарақтанған. Оның ішінде Астана мен Алматы қалалары - 100, Павлодар облысы - 94, Атырау - облысы - 74, Батыс Қазақстан облысы- 51, Оңтүстік Қазақстан облысы - 49 пайыз жабдықталған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Төтенше жағдайлар министрлігінің тамыз айында еліміздің білім беру нысандарының өртке қарсы жағдайына жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде жалпы сомасы 22 миллион теңгеге 2965 лауазымды және заңды тұлғаларға айыппұл салынған. «Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарға өрт қаупі шараларын толық қамтамасыз етпей отырған нысандардың пайдалануды тоқтату туралы 473 арыз жөнелтілді. Сотқа арыздардың басым бөлігі Қызылорда, Атырау, Солтүстік Қазақстан және басқа да бірқатар облыстарда берілді», - деді министр.

В.Божконың сөзіне қарағанда, басшылар тарапынан білім нысандарындағы өртке қарсы қауіпсіздік шараларына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеуі салдарынан 2011 жылдың өткен кезеңінде республика мектептерінде 24 өрт орын алған. Материалдық шығын 12,5 миллион теңгені құрайды. Осы орайда министр облыс әкімдерінің назарын мектептердегі өртке қарсы шараларды қосымша қаржыландыруға қаражат бөлуге аударды.