Республика өңірлерінде құрылыс сыртқы қадағалаусыз жүргізіліп жатыр - А. Өтегенов
А. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі тарапынан тұрмысы төмен азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тетігі әзірленді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Аманқос Өтегенов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның өңірлерінде құрылыс үдерісінің барлық сатысы, құрылыс компанияларды лицензиялаудан бастап, нысандарды өндіріске енгізуге дейінгі кезеңнің барлығы әкімдіктер тарапынан қандай да бір сыртқы қадағалаусыз жүргізіліп жатыр. Жалпы, «Қазақстандағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес бұндай бақылау қызметін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі жүргізу тиіс еді. Бірақ, Агенттіктің өңірлердегі өкілдіктерінің болмауына байланысты ондай бақылау, қадағалау жұмыстары жүргізілмейді. Мәселен, Агенттіктің штатындағы 6 адамнан тұратын инспекторлар республикадағы 400-ден астам нысандардың құрылыс сапасын қадағалауды әрең жүзеге асыра алады. Нәтижесінде, өңірлердегі құрылыстар үдерісі еш қадағаланусыз атқарылып отыр. Бұлай кете берсе, құрылыстан қандай сапаны күтуге болады», деді депутат.
Осыған орай, А. Өтегенов Үкіметтің Құрылыс агенттігі құрылымын күшейтуге қатысты жедел шараларды жүзеге асыруы қажеттігін алға тартты. «Агенттік өзіне жүктелген қадағалау қызметтерін толық жүзеге асыруы, өңірлерден өкілдіктерін ашуы шарт», деді ол.