Республика сарайы қайта жөндеуден кейін барлық заман талаптарына сай болады
АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов Республика сарайының жұмыс барысымен танысты.
"Қазіргі уақытта сахна мен залдың төбесіне демонтаж жасалды. Қолданылуға келетін құрал жабдықтар мен өңдеу материалдары демонтаждан соң әлеуметтік нысандарға жіберілетін болады. Қазіргі уақытта концерттік зал мен вестибюль интерьерін жақсартуға арналаған сұрақтар шешілуде. Сонымен қатар, қазір бағаналар мен ғимарат төбесін бекіту мәселелері қаралып жатыр. Республика сарайы қайта жөндеуден кейін барлық заман талаптарына жауап беретін болады", - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.
Қала басшысының айтуынша, 300 автокөлікке арналған Сарай алдындағы тұрақ қайта жасалынатын болады.
Ол сонымен қатар, Сарай алдының әдемі болуын ойластыру қажет деп айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Республика сарайының құрылысы 2011 жылдың аяғында бітеді деп жоспарланған. Сарай 40 жылдан бері жөндеуден өтпеген.