Республика соттарында кадрлық ауыс-түйістер орын алды
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми елордалық сот ұжымына жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға бұған дейін Алматы облыстық сотын басқарған Тілектес Барпыбаев тағайындалды, деп хабарлайды ҚР ЖС баспасөз қызметінен.
Жаңа басшыны тағайындау туралы Жарлыққа Президент 12 желтоқсан күні қол қойған болатын.
Астана қаласы сотының бұрынғы төрағасы Сәкен Абдуллаев Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте ол зейнетке шығатын жасқа толуына байланысты қызметінен босатылған Серік Байбатыровты алмастырды. 2013 жылдың қараша айынан бастап С. Байбатыров Қазақстан Республикасы Судьялар одағының орталық кеңесін басқарады.
Осы Жарлықпен Ақмола облыстық сотын басқарып келген Ақжан Ештай Алматы қаласы сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Бұрынғы басшы Мейрамбек Таймерденов Алматы облысы сотының төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды.
Ақмола облыстық сотының төрағасы қызметіне бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық сотын басқарып келген Нұрғазы Әбдіқанов тағайындалды.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметіне бұрын Шығыс Қазақстан облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметін атқарған Мұратғали Әкетай тағайындалды.
Қ. Мәми барлық төрағаларды тағайындауларымен құттықтап, бұрынғы орындарында атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді және жаңа қызметтеріне табысқа жетуіне тілек білдірді.
«Сіздердің әрқайсыңызда кәсіби және өмірлік тәжірибелеріңіз бар. Мемлекет басшысы жоғары сенім артты және мен де сіздердің осы сенімді ақтайтындарыңызға сенімдімін, - деді Жоғарғы сот төрағасы. - Алматы және Астана соттары - ең жауапты учаскелер. Мұнда ең күрделі істер қарастырылады және судьялардың жүктемесі жоғары. Барлық қиындықтарға қарамастан, судьялар ұжымы, негізінен, осы ауыр міндетті ойдағыдай атқаруда».
Отырыста ҚР ЖС басшысы Елбасының VI судьялар съезінде қауымдастық алдына қойған ауқымды міндеттер туралы еске салды. Олардың қатарында тиімді әділ сотқа негізделген азаматтар сенімінің деңгейін, оң қоғамдық пікірді қалыптастыру және бұқаралық ақпарат құралдарымен сындарлы ынтымақтастықты әрі қарай арттыру бар.