15:30, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Республика жолдарында бір апта ішінде жол апаттарынан 41 адам мерт болды
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаңтардың 23-і мен 30-ы аралығында республикада 1 мың 968 қылмыс тіркелді. Оның 22-сі кісі өлтіру, 24-і қарақшылық шабуыл, 204-і тонау әрекеттері болып отыр.

Сондай-ақ 869 рет ұрлық жасалған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, осы мерзімде тәртіп сақшылары 1 мың 571 қылмыстың бетін ашып, іздеуде жүрген 112 қылмыскерді қолға түсірген. «Бұған қоса өткен аптада есірткімен байланысты 203 қылмыс тіркелсе, олардың 75-і - есірткіні саудалау. Осындай мысалдардың бірі Қарағанды облысының Теміртау қаласында орын алды. Онда есірткі сатып тұрған жерінен ұсталған Г. атты азаматтан 5,39 грамм героин алынып, ал үйін тексеру барысында 1 килә героин табылды», - деді Б.Қожахметов. Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, өткен аптада республика жолдарында 146 оқиға орын алып, оның салдарынан 41 адам мерт болған. Ал дене жарақатын алғандар -171 адам. «Шымкент қаласында жол ережесін бұзған жүргізушіден 12 мың теңге көлемінде пара алған жол полициясының инспекторы ұсталды», - деді департамент бастығы.