Республикада 7 мың 93 ауылдық елді мекен бар

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі мәліметтер бойынша республикада 7 мың 93 ауылдық елді мекен (АЕМ) бар.

Республикада 7 мың 93 ауылдық елді мекен бар
Бұл туралы бүгін Астанада ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша аталған 7 мың 93 АЕМ-нің ішінде 2 470-і жоғары даму әлеуетіне, 4 493-і орташа даму, 135-і төмен даму әлеуетіне сәйкес келеді және 27 елді мекендерде тұрғындар жоқ. 2008 жылы жүргізілген мониторингті талдау даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің үлесі артып келе жатқанын байқатты», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитеттің төрағасы Санат Тұңғышбеков. Мәселен, 2007 жылмен салыстырғанда, 2008 жылы республика бойынша жоғары даму әлеуеті бар елді мекендер 629-ға артқан. «Атап айтқанда, жалпы даму әлеуеті жоғары АЕМ-дер санының өсуі Маңғыстау облысынан басқа 13 облыста байқалып отыр», - деді ол. Оның айтуынша, аталған елді мекендердің халқының саны да жыл сайын өсіп келеді. Атап айтқанда, 2004 жылы даму әлеуеті жоғары ауылдарда 1 миллион 827 мың адам немесе ауыл халқының 25,2 пайызы өмір сүрсе, 2009 жылдың басында бұл көрсеткіш 3 миллион 675 мың адамды немесе 49,6 пайызды құраған.