Республикада әрбір төртінші отбасы ажырасып жатады
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде республикада тіркелген әрбір төртінші неке ажырасып жатады.
Бұл туралы Астанада басталған «Берік отбасы - қоғамның тірегі» атты республикалық конференцияда ҚР Парламент Мәжілісінің Мәдени-әлеуметтік даму жөніндегі комитеттің төрайымы Динара Нүкетаева мәлім етті.
Оның айтуынша, Алматы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір жылда некеге тұрған әрбір үшінші ерлі-зайыпты ажырасатын болса, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш екі есе төмен, онда әрбір алтыншы неке ажырасып жатады. «Бұл, әрине, халықтың аймақтағы менталитетіне тікелей байланысты», - дейді Динара Нүкетаева.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне бойынша 2010 жылы Қазақстанда 144 357 отбасы заңды некеге тұрып, олардың 40 982-сі ажырасты. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 5 733-ке артық.