Республикада әйел қызметкерлердің құқықтары мен гендерлік тепе-теңдік саясатының дамуына бей-жай қарамайтын басшылардың арасында байқау өтеді

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ұжымдағы әйел қызметкерлердің құқықтарының қамтамасыз етілуі мен гендерлік тепе-теңдік саясатының дамуына жете мән беретін басшылар байқау барысында анықталып, марапатталатын болады.

Республикада әйел қызметкерлердің құқықтары мен гендерлік тепе-теңдік саясатының дамуына бей-жай қарамайтын басшылардың арасында байқау өтеді

Ертең, 10 қараша күні басталатын республикалық байқау «Гендерлік саясатқа бей-жай қарамайтын басшы» тақырыбымен өтпек. Оны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Қазақстанның Іскер әйелдер Қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

Республикалық байқаудың мақсаты - «2006-2016 жылдарға дейінгі Қазақстан Республикасындағы гендерлік тепе-теңдік стратегиясын» насихаттау, мемлекеттік және мемлекеттік емес сектордағы мекемелер мен кәсіпорындардың бірінші басшыларын ұжымдағы әйелдер қауымына, олардың жұмыс жағдайына назар аударту.

Байқау барысында бірінші басшылардың арасында сауалнама жүргізіледі. Олар: «Қол астыңызда жұмыс істейтін қызметкердің нақты санын білесіз бе?», «Олардың арасындағы әйелдер санын білесіз бе?», «Жүкті әйелдер үшін жасалып отырған жағдайлар», «Мемлекеттік қазынадан қандай да бір әлеуметтік төлемақыларды алатын әйелдердің санын білесіз бе?», «Басшылық қызметтерде қанша әйел отыр?» деген сияқты сұрақтарға жауап беруі тиіс болады.

Комиссия сауалнамаларды сараптап, 10 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтайтын болады. Олар гендерлік тепе-теңдік саясатына бей-жай қарамайтын ҚР Парламентінің депутаты, облыс әкімі, үкіметтік емес ұйым, БАҚ, жоғары оқу орны, банктік және қаржылық ұйым, өнеркәсіптік кәсіпорын, ұлттық компания мен шағын және орта бизнес саласындағы басшы аталымдары бойынша таңдап алынады.