Республикада қан құю орталықтарының Бірыңғай ақпараттық кеңістігін құратын кез жетті
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Республикада қан құю орталықтарының Бірыңғай ақпараттық кеңістігін құратын кез жетті.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Трансфузиялық терапия қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қазіргі заманғы технологиялары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жандос Бүркітбаев мәлім етті.
Оның сөзінше, Бірыңғай ақпараттық кеңістік қан құю саласындағы қызметтерді реттеп, оларды бір стандартқа келтіруге мүмкіндік береді. Осы уақытта бірыңғай ақпараттық кеңістік құру мәселесімен елдегі әрбір орталық мүмкіндіктеріне қарай өздері айналысуда.
«Трансфузиология ғылыми-өндіріс орталығы 2010 жылы жаңа автоматтандырылған жүйені іске қосты. Ол қан құю қызметіндегі барлық талаптарға жауап береді. Осы уақытта бұл бағдарлама Қазақстандағы 8 қан құю ұйымына енгізілді. Енді біз осы атлаған барлық бағдарламаларды біріктіру қажет деген байламға келіп отырмыз. Бұл шара елде бірыңғай донорлық орталық құрып, он-лайн режимінде ақпараттармен алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қызмет денсаулығында донорлыққа зиянын тигізуі мүмкін дерттер бар азаматтар жөнінде мәлімет бере алатын өзге де органдармен байланысуға жағдай тудырады»,-деді Ж.Бүркітбаев.