Республикада құрғақшылық салдарынан 353 мың гектар дәнді дақылдар егістігі есептен шығарылады - АШМ
АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Республикада 353 мың гектар дәнді дақылдар егістігі есептен шығаруға жатады.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді.
«Қазгидромет» РМК дерек көздері бойынша Қазақстанның кейбір аймақтарында құрғақшылық жағдайы қалыптасуда. Бұл ауыл шауаршылығының дамуына кері әсер етуде. Құрғақшылық Қостанай облысының оңтүстік бөлігінде - Амангелді, Жангелді, Қамысты, Наурызым, Әулиекөл, Жітіқара, Таран, Қостанай аудандарында, Ақмола облысының Жарқайың, Есіл аудандарында және Жақсы мен Атбасар аудандарының оңтүстік бөліктерінде, Қарағанды облысының оңтүстік бөліктерінде - Ұлытау, Жаңарқа, Шетпе, Ақтоғай аудандарында, Ақтөбе облысының оңтүстік және шығыс бөліктерінде - Әйтеке би, Хромтау, Алға, Ырғыз, Шалқар, Темір, Байғанин аудандарында кеңінен тараған», -деді министр.
Оның атап өтуінше, республика бойынша дәнді-дақылдардың 33 пайызы жақсы, 55 пайызы орташа, 12 пайызы нашар. Әсіресе, Қостанай облысы құрғақшылықтан қатты зардап шегуде. Бұл өңірде дәнді дақылдар егістігінің 18 пайызы ғана тәуір. Облыстардың алдын ала берген деректері бойынша 353 мың гектар дәнді дақылдар егістігі есептен шығаруға жатады. Оның 203,1 мың гектары Ақтөбе облысына, 32,8 мың гектары Алматы облысына, 38,2 мың гектары Жамбыл облысына, 15,1 мың гектары Батыс Қазақстан облысына, 57,6 мың гектары Қарағанды облысына, 6,5 мың гектары Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. «Облыстардың болжамды балансы бойынша жаңа егіннен 12,8 млн. тонн астық жиналады», -деді А. Мамытбеков.