Республикада қызамыққа қарсы егу шаралары басталды - Денсаулық сақтау министрлігі
АСТАНА. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылғы қазан айының 5-і мен 19-ы аралығында республикада 8-14 жастағы бір жарым миллион баланы қызамыққа қарсы егу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Александр Еремеев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А.Еремеевтің атап көрсеткеніндей, үстіміздегі қазан айының 5-інен бастап қызамыққа қарсы жаппай иммундау бойынша акция басталды. Екі аптаға жалғасатын шара барысында 8-14 жас аралығындағы 1,5 миллион баланы егу жоспарланып отыр.
«Бұл іс-шараға республикалық бюджет қаражаты есебінен 331,5 млн. теңге сомасына 1 991 000 бірлік вакцина сатып алынды. Бүгінгі күні барлық егу пункттері вакцинамен қамтамасыз етілді және вакцинацияға дайын», - деді ол.
А.Еремеевтің айтуынша, республикада қызамыққа қарсы егу шаралары 2002 жылы басталды. Бұған дейін Қазақстанда жыл сайын қызамықты жұқтырудың 20 мыңнан астам жағдайы тіркеліп отырған. Бағдарламаны іске асыру аясында 2005 жылдан бері 15-40 жас аралығындағы адамдарға жаппай егу кампаниясы өткізіліп келеді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні 2005 жылғы жағдаймен салыстырғанда қызамықпен сырқаттану 17 есеге төмендеді.
Денсаулық сақтау мамандары, қызамық - бір адамнан екінші адамға жұғу қабілеті аса жоғары инфекция екенін ескерте келе және 8-14 жас аралығындағы балалар бұл індетті тез жұқтырып, таратушы болып табылатындықтан, ата-аналарды аталмыш акцияға жауапкершілікпен қарауға шақырды.