Республикада мектепке дейінгі жастағы балалардың 37 пайызы ғана балабақшалармен қамтамасыз етілген - алқа мәжілісі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда 356 мың бала балабақшалар мен шағын орталықтарда тәрбиеленуде. 240 мың бала өз кезектерін күтіп отырса, 578,9 мың бала үйлерінде тәрбиеленуде.
«Кезекте тұрғандардың басым бөлігі - Алматы (40,4 мың) мен Оңтүстік Қазақстан (21,1 мың) облыстары және Алматы (24,4 мың) мен Астана (18,9 мың) қалаларының үлесінде», - деп атап өтті министр.
Ж.Түймебаев мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы проблемасын шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын, солардың нәтижесінде, 2015 жылға қарай әрбір тұрғылықты мекенде кемінде бір балабақшадан болатынын, болмаса мектепке дейінгі тәрбиенің өзге түрлерін жүзеге асыру үшін басқа да жағдайлар жасалатынын қадап айтты.
Сондай-ақ ірі компаниялардың, ұйымдардың және кәсіпорындардың жандарынан мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар құрылып, мұндай мекемелерді салуға мүмкіндігі жоқ ауылдық жерлерде жанұялық балалар бақшасын қарқындап дамыту көзделіп отыр.
Осылайша, 2020 жылға қарай сәбилер мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен толық қамтамасыз етілетін болады деп күтілуде.