Республикада соңғы аптада жасалған 1 мың 706 қылмыстың 1 мың 367-нің ізі суымай ашылды ? апталық брифинг

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республикадағы қылмыстық ахуал тұрақты.

Республикада соңғы аптада  жасалған 1 мың 706 қылмыстың 1 мың 367-нің ізі суымай ашылды ? апталық брифинг
Соңғы аптада, яғни мамырдың 16-сы мен 22-і аралығында 1 мың 706 қылмыс жасалып, оның 1 мың 367-нің ізі суымай ашылды. Сондай-ақ іздеу жарияланған 125 адам анықталып, 9 атыс қаруы тәркіленді. Бұл мәліметтермен бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, мамырдың 19-ы күні Маңыстау облыстық Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласының екі тұрғынын ұстап, олардан «Макаров» тапаншасын тәркілеген. Сондай-ақ құрықталғандардың бірінің көлігінен екі оқшантайы мен 60 оғы бар «АК-74» автоматы мен оқтары бар «Винчестер» мылтығы табылған. «Ал әлгілердің үйін тексеру барысында екі аңшы мылтығы мен 12-ші калибрлі 100-ге жуық оқтар мен электрошокер, автоматқа арналған дыбыс бәсеңдеткіштері мен оны әзірлеу және жинауға қатысты материалдар табылды. Қазір олардың бұл қаруларды нендей мақсатқа пайдаланып жүргендігі тексерілуде», - деді департамент бастығы.Ол келтірген деректер бойынша, республикада соңғы аптада есірткімен байланысты 200 қылмыс анықталған. Оның 58 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. «Мамырдың 16-сы күні Теміртау қаласынан 5 шақырым қашықтықта Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы жасағының көмегімен 9,5 килә гашиш өткізбек болған екі адамды ұстады. Сондай-ақ Қарағанды қаласында 2 килә героин саудаламақ болған азамат қолға түсті», - деді Қ.Жұманов. Оның айтуынша, соңғы жеті күн ішінде еліміздің бірқатар аймақтарында кісі өлтіруге қатысты да бірқатар қылмыстар орын алған. Шымкент қаласының азаматы ұрлық жасау мақсатында қаладағы сауда үйінің күзетшісін пышақтап кеткен. Ол мамырдың 11-і күні ауруханаға жеткізіліп, сонда көз жұмған. Ал Қарағанды қаласының тұрғыны осы қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірінің директорын ұрлап, оны буындырып өлтірген. Қылмыскер қазір қамауда.