14:16, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Республикада жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстар саны азайып келеді - Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республикада жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстар саны 2008 жылы 7,5 пайызға кеміді.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Молдияр Оразалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, жасөспірімдер жасаған қылмыстар кемігенімен олардың ауыр қылмыстарға қатыстылығы төмендемей отыр. «Мұны біз де мойындаймыз. Мұндай жағдайды, әсіресе, Жамбыл облысы мен Өскемен қаласынан байқауға болады. Бұл бағытта біз де қол қусырып отырған жоқпыз және қолданған шаралар да нәтижесіз емес. Осыған дейін, яғни 2007 жылы Астана мен Алматы қалаларында жасөспірімдер арасындағы қылмыстар саны айтарлықтай артқан болатын. Ал ішкі істер саласының арнайы жүргізген жұмыстарынан кейін олардың мөлшері 10 пайызға қысқарды. Бұл ретте мектеп инспекторлары жұмысының тиімділігін айта кеткен жөн. Олар әрбір мектептегі жағдайды жіті бақылаумен болды», - дейді комитет төрағасы.