Республикада жол қозғалысы ережесі бұзылғанын анықтайтын 151 құрылғы бар - Қ.Тыныбеков
АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Республикада жол қозғалысы ережесі бұзылғанын анықтайтын 151 фото және бейне құралы бар.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ-інде өткен арнайы баспасөз мәслихатында Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті.
«Қазіргі уақытта Жол қозғалысы ережесі бұзушылықтарын анықтайтын барлығы 151 фото және бейне құралы бар. Атап айтқанда Астанада - 52, Қарағандыда - 16, Өскеменде - 15, Алматыда - 15, Атырауда - 7, Оралда - 6, Семейде - 5, Шымкентте - 9, Қостанайда - 9, Қызылордада - 6, Ақтауда - 5, Таразда - 4, Ақтөбеде 2 құрылғы орнатылған», - деді ол.
Қ.Тыныбековтің атап өтуіне қарағанда, бұндай құрылғылардың жол ережесінің бұзылуының алдын алудағы тиімділігі артып отыр. Осындай жүйелердің көмегімен 425 мың құқықбұзушылық анықталып, мемлекет бюджетіне 908 млн. теңге айыппұл ретінде түскен. «Автоматтық жүйелерді қолдану сыбайлас жемқорлыққа да жол бермейді», - дейді комитет төрағасы.