Республикадағы ана мен сәби өлімі көрсеткіштерін тұрақты деп айтуға болмайды ? Т.Вощенкова

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Республикада ана мен сәбидің шетінеу көрсеткіштерін тұрақты деп айтуға әсте болмайды.

Республикадағы ана мен сәби өлімі көрсеткіштерін тұрақты деп айтуға болмайды ? Т.Вощенкова
Бұл туралы бүгін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында отандық емханалар мен перзентханаларға перинаталды күтім бойынша тиімді технологияларды тәжірибеге енгізу мәселесіне қатысты өткен кеңесте Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеңеске ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, репродуктивті денсаулық саласындағы аймақтық және ұлттық деңгейдегі мамандар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен «USAID «ЗдравПлюстің» сарапшылары қатысты. Қатысушылар әйел жүкті кезінде, босану және босанғаннан кейінгі кезеңдерде көрсетілетін медициналық көмектердің сапасын арттыру мәселелерін талқыға салды. Шетелдік мамандар ДДҰ-ның «Қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша тиімді технологияларды енгізу тәжірибелерімен бөлісті. «Республикадағы ана мен сәби өлімі көрсеткіштерін тұрақты деп айтуға әсте болмайды. Бізді ол көрсеткіштер қанағаттандырмайды. «USAID «ЗдравПлюспен» ықпалдастығымыз бұл бағытта оңтайлы нәтижелер береді деген үлкен сенімдеміз», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова.Баяндаушылардың келтірген көрсеткіштері нәрестелердің өлім-жітімі Қызылорда (25,1 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (25), Жамбыл (23,8), Шығыс Қазақстан (22,5), Ақтөбе (20,9) және Қарағанды (20,7) облыстарында жоғары екенін байқатты. Олардың айтуынша, балалар өлімінің негізгі себептерінің бірі педиатриялық көмектің тиісті деңгейде көрсетілмеуінде. Сәбилер шетінеуі себептеріндегі бірінші орында перинаталды кезеңде туатын жағдайлар тұр. Одан кейін туа біткен кемшіліктер, тыныс алу органдарының аурулары және тағы басқалары бар.