Республикадағы әрбір 5-ші спорт нысаны жөндеуді қажет етеді - Туризм және спорт вице-министрі

ТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Спортпен айналысудың бұқаралық сипат алуына кедергі болып отырған басты мәселелердің бірі спорттық нысандар мен құрылғылардың аздығы. Бұл мәселе әсіресе ауылдық аймақтарда ерекше өзекті болып отыр»,-

Республикадағы әрбір 5-ші спорт нысаны жөндеуді қажет етеді - Туризм және спорт вице-министрі

деді Туризм және спорт вице - министрі Мұрат Омаров. Бұл туралы ол бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев басқаратын Денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің XV мәжілісінде айтты.

Оның сөзіне қарағанда, ауылдық аймақтардағы спорт ғимараттары өте аз. Сонымен қатар олар қажетті құрылғылармен толық қамтамасыз етілмеген және орналасу жағынан да әркелкі. «Осы уақытта тұрғындарға қызмет етіп тұрған спорттық ғимараттар республика халқының 30 пайызының ғана қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ республикадағы спортпен айналысуға арналған әрбір

5-ші ғимарат жөндеуді қажет етеді. Ауылдық аймақта орналасқан 20 мың 160 ғимараттың 65 пайызы ашық алаңдар. Тек 3 пайызы ғана жабылатын спорт кешендері. Олардың өзі адамдар тығыз орналасқан аудан орталықтарында ғана бар»,-дейді вице-министр.

Оның сөзінше, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының халық тығыз орналасқан аудан орталықтарында спорттық ғимараттар мүлдем жоқ. «Осы ретте спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының аясында алдағы бес жылда спорттық және денсаулықты нығайтуға бағытталған кешендер салуды жолға қоюды ұсынамыз. Осыған дейін бюджеттік комиссияның отырысына Туризм және спорт министрлігі ауылдық аймақтарда 16 дене шынықтыру және спорт кешендерін салу үшін қаржы бөлу мәселесін ұсынды. Алайда бұл ұсыныс қабылданбады»,-деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар ол бюджет кодексінде жергілікті бюджеттен спорттық құрылғыларды ұстау мәселесін қарастыратын арнайы бап жоқтығы да ауылдық аймақта спорт нысандарын салуды қиындатып отырғандығын атап көрсетті.