16:52, 14 Мамыр 2009 | GMT +5
Республикадағы шетелдік компаниялар қазақстандық жұмысшыларды алалап отыр - Бас прокуратура
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар алдын ала келісілген шарттардағы негізгі талаптарды орындамайды және шеттен заңсыз жұмыс күшін тартады.

Сондай-ақ олар сырттан келген жұмыс күштерін мамандығы сай болмаса да жалқысы жоғары қызметтерге орналастырып, қазақстандық жұмысшыларды жұмыс беру барысында алалайды. Бас прокуратура өкілдері еліміздегі компаниялар мен әкімдіктердің азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне байланысты атқарған шараларына жүргізген тексерулер барысында осындай кемшіліктерді анықтады. Бұл туралы бүгін апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, тексеру жұмыстары негізінен елдегі компаниялардың сырттан жұмыс күшін тартуға орай талаптарды орындау және жаңа жұмыс орындарын ашуға байланысты келісімдерді жүзеге асыру, сондай-ақ қазақстандық еңбекерлердің біліктіліктерін арттырып, олармен шетелдік жұмысшылардың орындарын алмастыру бағытындағы атқарып жатқан шараларының заңдылығын білуге бағытталған. «Алайда, тексеру жұмыстары бұл бағытта көптеген кемшіліктердің бар екендігін көрсетті. Оның басты себептерінің бірі - әкімдіктер мен өзге де құзырлы орган өкілдерінің жағдайды бақылауынан шығарып алғандығы. Жалпы Үкімет бекіткен «Қазақстан Республикасындағы жұмыс берушілердің квоталарды анықтау мен шетелдік жұмыс күшін тартудың тәртібі мен шарттары туралы» заңының 13-ші тармағына сәйкес, құзырлы орган сырттан келген жұмысшыларға рұқсатты тек біліктілік мінездемесі негізіндегі талаптар аясында ғана бере алады. Алайда Алматы қаласының әкімдігі «Эйр Астана» акционерлік қоғамына Мак Донах есімді шетелдікті жұмысқа алуға заңнан тыс рұқсат берген. Мұндай әрекетке Батыс Қазақстан облысының әкімдігі де барған», - деді ресми өкіл. Сондай-ақ әкімдіктер шетелдік компаниялардың жұмыстарын дұрыс бақыламағандықтан олар өздеріне жүктелген міндеттемелерді де орындамай отыр. Мысалы, Алматыдағы «Полимекс kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті келісім бойынша 2008 жылы елде 100 қосымша жұмыс орнын ашуы қажет болса, тексеру барысында олардың тек 46 жұмыс орнын ғана ашқандығы мәлім болды. Ал Атырау облысында өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған 5 кәсіпорын анықталған. «Мұндай кемшіліктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында да бар», - деді С.Нұрпейісов.