Республикадағы жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат - Осы аптада республика аумағында бірқатар кадрлық ауыстырулар мен тағайындаулар орын алды. Бірқатар мемлекеттік органдардың орталық аппараттарында, ұлттық компанияларда, жергілікті атқарушы билікте басшылық құрам ауысты.
None
None

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өкімімен Ерлік Әбдірақымұлы Кененбаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 1960 жылы дүниеге келген Е.Кененбаев С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. ҚР Бас прокуратурасында, ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде лауазымды қызметтер атқарған. 2009 жылдың мамырынан Алматы облысының прокуратурасы болған.

Ал Елбасы Өкімімен ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалған Алексей Юрьевич Волков 1958 жылы дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты. 1 сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар. Бұған дейін де ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған. Соңғы уақыттарда Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған.

ҚР Президенті өкімімен Әділет министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған Зәуреш Хамитқызы Баймолдина 1956 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Заң ғылымының кандидаты, профессор. Республиканың жоғары оқу орындарында жұмыс істеді. Әділет, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. 4 медальмен марапатталған.

Қазақстан Республикасы Ішкі іcтер министрлігінің 2012 жылғы 23 ақпандағы      № 71 жеке құрам бойынша бұйрығымен бірқатар тағайындаулар болды.

Атап айтқанда, Криминалдық полиция комитетінің төрағасы лауазымына полиция генерал-майоры Қанат Қожахметов тағайындалды. 1965 жылы дүниеге келген ол КСРО ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметін қарапайым милиционер болып бастаған Қ.Қожахметов Алматы және Қарағанды облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған.

Ал Тергеу комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалған полиция полковнигі Марат Қожаев 1964 жылы Алматы облысында дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебін, ҚР ІІМ академиясын бітірген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Жамбыл облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметін атқарды.

Ақмола облысы Ішкі істер департаментінің бастығы болып тағайындалған полиция полковнигі Ахан Қажкенов КСРО ІІМ Алматы арнайы орта милиция мектебін, КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Көкшетау қалалық ІІБ-ның бастығы, Ақмола облыстық ІІБ бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары болған.

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің бастығы болып тағайындалған полиция полковнигі Тілеген Маткенов бұған дейін Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің бастығы лауазымына полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаев бекітілді. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген ол 2006-2010 жылдары Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болды.

Ал Көліктегі Ішкі істер департаментінің бастығы лауазымына тағайындалған полиция полковнигі Жанат Сүлейменов Қарағанды облысының тумасы. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары милиция мектебін, ҚР ІІМ академиясын бітірген. Павлодар облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары, ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

ҚР Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес (қаржы полициясы) Агенттігі төрағасының бұйрығымен ағымдағы жылдың 22 ақпанында Алматы облысы және Астана қаласы бойынша қаржы полициясы департаменттерінің басшылары тағайындалды. 

Атап айтқанда Астана қаласы бойынша Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы қызметіне қаржы полициясының полковнигі Ерболат Темірболатұлы Балғабаев, Алматы облысы бойынша Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы қызметіне қаржы полициясының полковнигі Айдар Ізбасарұлы Балтағұлов  кірісті.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне Асылбек Жексенбайұлы Дүйсебаев тағайындалды. Ол 1979 жылы дүниеге келген. С.Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін тәмамдаған. Қарағанды қаласы және Қарағанды облысы әкімдіктерінде әртүрлі қызметтер атқарған.  ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі болды.

Осы аптада Атырау қаласының әкімі лауазымына Асқар Абайұлы Керімов тағайындалды. 1980 жылы дүниеге келген ол Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және ішкі саясат салаларына жетекшілік жасаған.  

Ал Атырау қаласының бұрынғы әкімі Мереке Исмұратов Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

24 ақпан күні ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Ақтөбе облыстық  департаментінің директоры болып Болат Таңабергенов бекітілді. Ол Қарағанды экономикалық университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.  Еңбек жолын 1993 жылы Мәртөк ауданында Первомай орташа мектебінің  мұғалімі болып бастады. Кейіннен жұмысын  «Ақбұлақ» АҚ газ қазандығының машинисі және «Стройдеталь» ЖШС ЖБК цехының жұмысшысы болып жалғастырды.  2002 жылғы желтоқсан - 2003 жылғы қараша аралығында Ақтөбе қаласының қалалық  білім басқармасында  бухгалтер болып жұмыс істеді. 2003 - 2004 жылдары қалалық ішкі саясат бөлімінің  жетекші маманы, Ақтөбе қаласы қаржы бөлімінің табыстарды болжау және талдау бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарды. 2005 жылғы қаңтар - 2009 жылғы 10 наурыз аралығында Ақтөбе қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау  бөлімінде әртүрлі лауазымдарды атқарды.

Бұған дейін ішкі істер органдарында жұмыс істеген Аманберлі Исабеков Қарағанды облыстық қаржы полициясының бастығы лауазымына жайғасты. 1961 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген ол Қарағанды мемлекеттік университетін, ҚР ІІМ академиясын бітірген.

Ал бұған дейін осы қызметте болған Малғаждар Таткеев басқа қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылды.

Соңғы жаңалықтар