Республикалық жолдарға күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнатылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық маңыздағы «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» автомобиль жолы желісінің  Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш, Бекі ауылдары,  Сайөтес ауылы маңына, Маната асуына 300 дана күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тәуліктің түнгі мезгілінде  жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

Сонымен қатар, жол учаскелеріне жақын жайылымдары бар мал шаруашылықтары орналасқан жерлерге жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын алдын алу үшін, Маңғыстау және Бейнеу аудандарына қарасты Төлеп ауылы, 5 бекет, 6 бекет, «Қарақұдық» кен орны бұрылысына, 7 бекет, Сайөтес ауылы маңы және де Жетыбай-Ақтау бағытындағы Мұнайшы ауылы маңына жалпы ұзындығы 40 шақырымды мал өтуін болдырмайтын сым қоршауларын орнату жұмыстары басталды. 

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын алдын алуда, Шетпе, Бейнеу елді мекендерінде 2 проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі орнатылды. Жыл соңына дейін «Жетібай-Ақтау» автожол учаскесінде Батыр ауылы маңында қосымша 3 проекциялық жаяу жүргіншілер өткелін орнату жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ» Маңғыстау облыстық филиалы мәліметінше, республикалық маңыздағы «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекістан республикасы шекарасы ақылы автомобиль жолында Сыңғырлау, Ақжігіт, Тәжен ауылдары маңында ұзындығы 6 шақырым мал өтуін болдырмайтын сым қоршаулары және де 60 дана күн сәулесінен қуат алатын батареяларымен жарықтандыру бағандары орнатылды.

Жыл соңына дейін жол қозғалысына қатысушыларға қолайлы жағдай жасау үшін, 1 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар