Республикалық бюджет комиссиясы отырысында қандай жобалар қаржыландырылатыны айтылды
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Республикалық бюджет комиссиясының отырысы өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

РБК отырысының қорытындысы бойынша орман тәлімбағын құру, ұлттық гидрометеорологиялық қызметті жаңғырту және өрт қауіпсіздігін күшейту арқылы қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар қосымша қаржылық қолдауды қажет ететін бірқатар жоба қарастырылды.
Премьер-министр мемлекеттік органдардың басшыларына процесті қатаң бақылауға алып, шығыстардың негізсіз артуына және жобалар құнының өсуіне жол бермеуді тапсырды. Бағдарлама әкімшілерінің жұмысын күшейту және сметалық құжаттамада енгізілген жоба құнын сақтау қажеттігіне назар аударылады.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Бюджет кодексі мен «Кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер және «Концессиялар туралы» Заңның күші жойылды деп тану туралы» Заңы екі оқылымда қаралды. Сенат құжаттардың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.