Республикалық су комиссиясын құру керек – Бақытжан Базарбек

Бақытжан Базарбек
Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек су комиссиясын құруды ұсынды.

«1990-2000 жылдары су саласындағы мамандарымыздан айрылып қалдық, сондықтан су ғылымын күшейтуіміз керек. Басқаша айтқанда, білім беру стандарттарын жетілдіру қажет, себебі қазір ескі стандарт қолданыста. Сонымен қатар су саласы бойынша жаңа мамандықтар енгізіп, отандық кадр даярлауымыз тиіс», - деді Бақытжан Базарбек «Біз біргеміз» республикалық телемарафонының эфирінде. 

Халық қалаулысының айтуынша, елді су басудың бір себебі мамандардың тапшылығымен байланысты. 

«Біз республикалық су комиссиясын құруымыз керек. Бізде жер комиссиясы бар, соның нәтижесінде 10 млн гектар жерді мемлекетке қайтардық. Су комиссиясының құрамына депутаттар мен құзырлы органдардың өкілін тартқан жөн. Оның аясында заңсыз жеке меншікке кеткен су объектілерін мемлекеттің қарамағына қайтару мәселесін комиссия алдына қою қажет. Одан бөлек, елдегі су қорына ғарыштан монотиринг жүргізу керек, оның жоқтығынан біз тиісті, дәлелді ақпараттан айрылып отырмыз. Үшіншіден, су қоры саласы автоматтандыруды талап етеді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар