Республикалық жолдарда әр шақырым сайын камера орнатылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті 300 дрон қадағалайды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
— Өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 14 пайызға өскені естеріңізде шығар. Бұл — жыл қорытындысындағы соңғы көрсеткіш. Ал бастапқыда, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болған еді. Жарақат алғандар саны бойынша өсім 20 пайыз болды. Ал қазіргі уақытта үш көрсеткіштің барлығы бойынша төмендеуге қол жеткіздік. Бұл ретте автопаркіміз де өсіп келеді. Қазіргі таңда бізде 6 млн 100 мың көлік бар. Соңғы бес жылда олардың саны 1 миллионнан астамға артты. Халықаралық көлік ағыны да айтарлықтай өсті. Өткен жылы Қазақстан арқылы 3 миллион көлік өткенін айтқан едік. Бірақ бұл көрсеткіш өте шартты, себебі нақты есеп жүргізетін жүйе жоқ. Ал биыл ел аумағы арқылы кемінде 5 миллион шетелдік көлік өтті деп айтуға қорықпаймын, — деді министр орынбасары.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» камераларды іс жүзінде әрбір шақырым сайын орнатып жатыр. Демек, камералар жолдағы жағдайды іс жүзінде әр шақырым сайын бақылап отырады. Мұнан бөлек, 500 мобильді кешен бар. Олар жылдамдықты өлшейді және жол қозғалысы ережелерінің басқа да бұзушылықтарын анықтайды.
— Көлікпен келе жатқанда алдыңыздан осындай кешені бар көлік кездесуі мүмкін. Ол тоқтатпайды, бірақ сіз жасаған құқық бұзушылықтарды тіркейді. Жолдарда дрондарды қолдана бастадық. Қазіргі таңда жолдарда шамамен 300 дрон пайдаланылады. Ол қарсы жолаққа шығу, басқа көліктің алдынан кесіп өту, басып озу және басқа да осындай құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді, — деді Игорь Лепеха.
Министр орынбасарының дерегінше, қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылықтардың 67 пайызы техникалық тіркеу құралдарының көмегімен анықталады.
— Демек, адамның араласуы болмағандықтан сыбайлас жемқорлық жоқ. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 70 пайыздан асады, — деді ол.
Айта кетейік, жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін.