Республикалық жолдардағы жол-көлік оқиғалары 9%-ға азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл он айда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 2 618 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға аз.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Компания дерегіне сәйкес, былтыр осы кезеңде республикалық жолдарда 2 889 жол-көлік оқиғасы болған. Биыл бұл көрсеткіш 2 618-ге дейін төмендеген.
Осы уақытта жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы керісінше артқан. Республикалық автожолдардағы көлік ағыны 33 пайызға, ал ақылы жолдарда 38 пайызға көбейген.
— Көлік қозғалысы айтарлықтай артқанына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны азайып отыр. Бұл — жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі, — деді Дархан Иманашев.
Айта кетейік, компания жол қауіпсіздігін арттыру үшін бейнебақылау жүйелерін, электрондық жол белгілерін және жүргізушілерге жедел ақпарат беретін цифрлық құралдарды енгізіп жатыр.
Бұған дейін ҚазАвтоЖол боранға дейін 3-4 сағат бұрын қозғалысты шектеуді жоспарлайтыны жөнінде жазған едік.