Республикалық ақындар байқауының жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың 25 жылдығына арналған «Жасай бер, жайнай бер, Астана» атты республикалық ақындар байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл 11-ші мәрте өткен мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен жүзден астам ақын қатысты. Үздіктер елордадағы «Жастар» театрында марапатталды. Республикалық байқауда барлығы 12 қатысушы жүлдегер атанды.
«Мен байқау жеңімпазы — Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайды марапаттадым. Оның «Астананың аспаны» өлеңдер топтамасын Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, танымал әдебиетшілер, сыншылар, ғалымдардан жасақталған қазылар алқасы өте жоғары бағалады», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Министр әдеби байқауға келіп түскен барлық жұмысты жинақтап кітап шығаруды және оны еліміздің кітапханаларына таратуды ұсынды.
«Тағы бір ұсыныс – мұндай іс-шараларды тек Астана мен Алматыда ғана емес, сондай-ақ талантты жастары бар еліміздің барлық өңірлерінде өткізу керек. Осы арқылы біз оларға өздерін танытуға және әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береміз. Ол үшін Қазақстан Жазушылар одағымен тығыз стратегиялық әріптестік шеңберінде жұмыс істейтін боламыз, оның ішінде бүкіл ел бойынша осындай конкурстарды өткізуге қаржылық қолдау көрсетілетін болады», – деді министр.
