Республикалық аламан айтыстың жеңімпаздары анықталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жас ақындар арасында республикалық аламан айтыс өтті. «Көк туды желбіреткен ақындар» атты додаға жыр өнерінің 10 шебері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған аламан айтыс дәстүрлі түрде үшінші жылы жалғасын тауып келеді. Бұл жолғы жыр додасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында ҚР Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздік мерекесіне арналды. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын көрермендер залға лық толды. Бес жұптан құралған он ақын жыр доданың дүрмегін таратты. Топ алдында аудандық, облыстық, республикалық шеңбердегі айтыстардың дүлдүлдері, қолма-қол суырып салма ақындар көсіле шапты.
Ақындар жалынды жырдан сөз өрнектеп, қыз бен жігіт, аға-іні айтысының ерекше үлгісін көрсетті. Өзара әдемі қалжыңмен сөз маржанын өрбіте білді.
Әділ-қазылардың шешімімен, бас жүлде шым шаһардың жас ақыны Біржан Байтуовқа бұйырса, бірінші орынды қарағандылық Дидар Қамиев жеңіп алды. Ал екінші орын қызылордалық Мұхтар Ниязовқа берілсе, оңтүстіктің ақыны Нұрлан Есенқұлов үшінші орынды місе тұтты. Айтыскерлердің барлығы бірдей ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтарға ие болды.