Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби байқауы өз мәресiне жеттi. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 қыркүйек күні Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық музыкалық аспаптар мұражайында өтті.
Байқауға қатысушылар «Жылдың ең үздік поэзиясы», «Жылдың ең үздік прозасы», «Жылдың ең үздік драматургиясы», «Жылдың ең үздік балалар шығармасы», «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» номинациялары бойынша өзара сынға түстi. «Жылдың ең үздік поэзиясы» аталымы бойынша «Жол» өлеңімен Оразбек Сапархан жеңімпаз атанса, «Жылдың ең үздік прозасы» аталымы бойынша «Мұңлық» әңгімесімен Сәкен Сыбанбай басқалардан оқ бойы озық шықты. Ал «Жылдың ең үздік драматургиясы» аталымы бойынша «Завещание Ибрая» шығармасымен Ақылбек Шаяхмет, «Жылдың ең үздік балалар шығармасы» аталымы бойынша «Киіз үй» туындысымен Ботакөз Жалмағанбетова үздік деп танылды. «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» аталымы бойынша жүлдені ақын Есенғали Раушанов иеленді. Айта кетейік, республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауы 2010 жылдың мамыр айынан бері өткізіліп келеді. Байқаудың негiзгi мақсаты - рухани-мәдени құндылықтарды дамыта отырып, жас таланттарды халыққа кеңiнен таныстыру, деп хабарлайды Әдебиет порталы.