Республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері ОҚО-да бірқатар кездесулер өткізді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мен бағалауды іске асыру жөніндегі республикалық мониторингтік топ мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында келген топ мүшелері оңтүстікте бірқатар мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің жұмысымен танысып, мемлекеттік қызметшілермен, этномәдени орталықтардың өкілдерімен кездесті. Ең алдымен облыстық ауруханада болып, көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты халықтың пікірін тыңдады.
Сондай-ақ, көпшіліктің сұранысы бойынша «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚО өндірістік филиалының басшылығымен кездесті. Әрі қарай, жұмысшы топ Қазақстан халқы Ассамблеясында облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен, этномәдени орталықтардың төрағаларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Ғалым Симбекұлы, Ырза Тұрсынзада Арнайы мониторингтік топтың қызметіне, атқарылған жұмыстарына тоқталып өтсе, Агенттіктің қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Іссапар барысында облыс жастары арасында өткен пікірсайысқа қатысқан республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері бүгінде қазақстандық жастар бейбіт өмір өмір сүріп жатқанын атап өтіп, Елбасы үміт артқан жастарды барлық жағынан белсенді болуға шақырды. Одан әрі, облыстағы барлық мемлекеттік органдардың басшыларымен, аудан, қала әкімдері мен Әдеп жөніндегі уәкілдерімен кездесіп, Агенттіктің негізгі жұмысы қызметшілерді жазаға тарту емес, керісінше заңбұзушылықтардың алдын-алуға бағытталғанын жеткізді.
«Сіздерді өз тараптарыңыздан өздеріңіз басқарып немесе қызмет атқарып отырған мемлекеттік органдарыңызда өзгерістер идеясын белсенді насихаттауға, өздеріңіз ұсынған Жобалық менеджерлерге қолдау көрсетіп, ой-өрістеріңізбен бөлісіп және осы «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамын»,- деді Департамент басшысы Әли Амантайұлы.