Республикалық әскери-патриоттық әндер байқауының бас жүлдесін «Сарбаздар әні» жеңіп алды

«Әскери әндер» радиофестивалі - «Қазақстан» РТРК АҚ «Қазақ радиосы» мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бірлескен жобасы.
«Қазақстан» РТРК АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңімпаздар төрт номинация бойынша марапатталды. «Үздік ақын» номинациясы бойынша әннің сөзі мен сазын өзі жазып шыққан Нұрлан Нұртазин жеңіске жетті. «Сарбаздары қазақтың» әнімен сахнаға шыққан Талғат Күзембаев «Үздік орындаушы» атанды. «Мәңгілік ел» әнінің авторы Мақсат Жаутиков «Үздік композитор» атағына лайық деп танылды. Радиофестивальдің Бас жүлдесі «Сарбаздар әніне» бұйырды. Өлеңі Асқар Дүйсенбінікі, әні Құрмаш Махандікі. Орындағандар - Жұбаныш Жексенұлы, Құрмаш Махан, Дәурен Сейтжан.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, Халық Қахарманы, Әскер генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің естелігіне арналып арнайы байқауға ән жазылды. Оны Нұрлан Нұртазин мен Жұлдызбек Үтешқалиев орындады.
Радиофестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде «Қазақстан» РТРК» АҚ Төрайымы Нұржан Мұхамеджанова «өскелең ұрпақты патриоттық рухт тәрбиелеуде» осындай байқауларды өткізудің маңызы ерекше зор екендігін атап өтті.
Радиофиестивальді өткізу арқылы әскери әндерді кең көлемде насихаттау, ұлттық мәдениетке, өнерге деген құрмет сенімін қалыптастыру мақсаты көзделген.
Жоба жыл басында бастау алып, осы уақыт ішінде радиофестивальге барлығы 200-ден астам ән келіп түсті, оның ішінен ең үздік деген 13 ән нәтижесінде финалға жолдама алды. Байқау Конгресс-холл сарайында үлкен Гала-концертпен аяқталды.
Радиофестивальға әрбір Қазақстан азаматы қатысты: Қазақстан аумағындағы әскери бөлімдердің сарбаздарынан бастап, кәсіби әншілер мен көркемдік-өнерпаздар ұжымдарының өкілдеріне дейін. Байқаудың басты талаптарының бірі бұған дейін еш жерде айтылмаған қазақ халқының әскери-рухты әндерін түрлі орындаушылық мәнерде (дәстүрлі, академиялық, эстрадалық) орындау болды. Көптеген ән авторлары үлкен сахнаға шығу тәжірибесі жоқ өнерпаздар.
9 ай ішінде көркемдік кеңестің іріктеуінен өткен әндер «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» ұлттық арнасы эфирлерінен берілді.
Айта кетейік, радиофестивальға қатысуға тілек білдірген үміткерлер шығармаларын жанды дауыста орындады.