Республикалық автожолдар бойындағы 374 «салқын дәретхана» бұзылады – министрлік
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республикалық автожолдар бойындағы 374 «салқын дәретхананы» бұзу шешімі қабылданды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1700-ге жуық қызмет көрсету нысаны бар. Оның ішінде 1 147 нысан немесе 70% ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Биыл жол бойында орналасқан тағы 80 қызмет көрсету нысанын ашу көзделіп отыр.
Мәліметке сәйкес, қазір республикалық маңызы бар жолдардың бойында 618 демалыс алаңы бар. Оларда жеке инвестициялар есебінен модульдік үлгідегі санитарлық-гигиеналық тораптар (СГТ) орнатуға болады. Осыған байланысты шағын және орта бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізіліп жатын. Кәсіпкерлер СГТ орналасқан павильонда сауда алаңдарын жасақтай алады. Бүгінгі таңда 53 модульдік СГТ жұмыс істейді, жыл соңына дейін демалыс алаңдарында осындай 20 нысанды орнату жоспарланған.
Сонымен қатар жанармай құю станцияларының ірі желілерінде заманауи сауда алаңдары қарастырылған.
«Қазіргі уақытта республикалық жолдардың бойында 374 «салқын дәретхана» орнатылды. Түсіп жатқан шағымдарға байланысты мұндай объектілерді кезең-кезеңімен бөлшектеу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда 15 «салқын дәретхана» бұзылды. Осы мәселе бойынша жұмыс жалғасатын болады», - делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, маршрут бойындағы барлық нысандармен танысуға, олардың рейтингін көруге, демалыс аялдамаларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін мобильдік қосымша жасалып жатыр. Қосымша интернетсіз де жұмыс істей бермек. Ол биылғы желтоқсан айында іске қосылады.