Республикалық балаларды оңалту орталығында роботтандырылған технологиялар пайдаланылады
АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - 2011 жылы Республикалық балаларды оңалту орталығында 4,2 мыңнан астам бала ем қабылдады, деп хабарлады Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында орталық жетекшісі Шолпан Бөлекбаева.
«Республикалық орталыққа науқастар әр өңірлерден келеді. Ем іздеген балалардың 85 пайызы аймақтардан келетін болса, 15 пайызы - Астана қаласының кішкентай тұрғындары. Орталықта балалар 25 күн ішінде сауықтыру курстарынан өтеді. Көрсетілген қызметтер өз нәтижесін беріп, балалар үйлеріне қайтарда аяқтарын баса бастайды. 5 жыл ішінде жазылған балалар саны 300-ге жуықтады», - деді орталық басшысы.
Қазіргі таңда орталықта нейроэндокринологиялық бөлім мен 5 неврологиялық бөлім жұмыс істейді.
Орталықта балаларға медициналық көмекпен қатар, емдеу үшін роботтандырылған технологиялар және компьютерлік технологиялар пайдаланылады.