Республикалық балаларды оңалту орталығында сал балаларды аяққа тұрғызудың бірегей әдістері қолданылуда
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Республикалық балаларды оңалту орталығында сал балаларды аяққа тұрғызудың бірегей әдістері қолданылуда.
Бұл туралы «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
4 жыл бұрын ашылған Республикалық балаларды оңалту орталығында осы жылдар ішінде 14 мың бала емделуден өтті. Нәтижесінде, сал ауруымен сырқаттанатын 300 жеткіншек өз аяғымен жүре алатын деңгейге жетті.
«Орталық емделушiлерiнің 65 пайызына жуығы - балалардың церебралды сал аруымен сырқаттанатындар. Мұнда Қазақстаннан ғана емес, Ресейден, сонымен бiрге алыс шетелдерден келіп ем-дом алатындар да бар. Қазақстандық балалар үшiн дәрiгерлiк жәрдем квота бойынша кепілдендірілген тегiн медициналық жәрдем шеңберiнде жүргізіледі», - делінген хабарламада.
Республикалық балаларды оңалту орталығы заманауи техникалармен жарақталған. Мұнда физиотерапия, емдік жаттығу кабинеттері және протез жасайтын шағын зауыт бар.
Орталық бүгінде оңалтудың медициналық, педагогикалық және әлеуметтік аспектілерін қамтитын республикадағы жалғыз мекеме. Соңы заманауи әдістердің көмегімен балалар жүріп-тұруға, денесін тік ұстауға, сөйлеуге және өз бетінше ойлауға үйретіледі.
«Орталықтың соңғы жаңалықтарының бірі - осында қолдана бастаған «Локомат» роботтандырылған кешені. Ол балалар мен ересектердің жүйке жүйесiнiң қозғағыш функциялары патологияларын қалпына келтiруге мүмкiндiк бередi. «Локоматтың» толық курсынан бүгiнде 50-ден астам емделушi өттi», - деп жазады «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ.