Республикалық «Болашақ баспагер-редактор» байқауы өтеді

АЛМАТЫ. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Ертең әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мектеп және колледж оқушылары арасында Республикалық «Болашақ баспагер-редактор» байқауы өтеді.
None
None

Байқауды журналистика факультеті баспа ісі және БАҚ дизайны кафедрасы ұйымдастырады. «Байқаудың мақсаты - мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, олардың баспа ісі жөніндегі түсінік-танымын кеңейту, кітап дайындау, шығару, тарату кәсібіне баулу, баспа бизнесімен айналысуға жол ашу, «Баспа ісі» мамандығына қызығушылығын ояту»,- дейді шараның ұйымдастырушысы, кафедра меңгерушісі Сағабек Медеубекұлы.

Байқау барысында қатысушылар журналистік-публицистикалық, редакторлық-корректорлық сынақтан өтеді. Байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік» деп танылған жеңімпаздар ректор грантын иеленеді. Сонымен қатар ынталандыру сыйлығын алған жеңімпаз, егер «баспа ісі» мамандығы бойынша оқуға түссе, бір жылдық шәкіртақыға ие болады. Қатысушыларға және олардың жетекшілеріне байқауға катысқаны жөнінде арнаулы сертификат беріледі. Байқау "Қазақ энциклопедиясы" бас редакциясы, «Білім», «Қазығұрт», «Арыс» және тағы да басқа баспалардың қолдауымен өтеді.

Соңғы жаңалықтар