Республикалық бюджетті нақтылауда шағын несиеге 20 млрд теңге бөлу ескеріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл республикалық бюджетті нақтылау барысында шағын несиеге 20 млрд теңге бөлуді ескеру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төртінші бастама - шағын несие беруді көбейту. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктеріне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына: Бірінші - ағымдағы жылға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 20 млрд теңге бөлуді ескеруді, екінші, әсіресе ауылдық жерлерді шағын несие беру үшін қаражатты одан ары бөлу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, бұл бағыттардың жүйелі атқарылуына жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова болады. Ал Үкімет басшысының орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев өз бағыттарының тиісті деңгейде жүзеге асырылуын бақылауға алады.
фото:24.kz