Республикалық деңгейде адвокаттар алқасы құрылады - Ж. Элиманов

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Республикалық деңгейде адвокаттар алқасы құрылатын болады.

Республикалық деңгейде адвокаттар алқасы құрылады - Ж. Элиманов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Білікті заң көмегіне құқық және адвокатураның тәуелсіздігі» атты дөңгелек үстел барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары Жанат Элиманов осылай мәлім етті.

«Аталған заң жобасы адвокатураның қызметін жетілдіруге бағытталады. Осы саладағы сыбайлас жемқорлық мәселелерін төмендетіп, кейбір нормаларға тікелей әсер ету шаралары қарастырылады. Бұл ретте ең алдымен республикалық деңгейде адвокаттар алқасы құрылатын болады. Бұл не үшін қажет? Біріншіден, біз дәл осы мәселеде халықаралық тәжірибені салмақтадық. Барлық дерлік дамыған шет мемлекеттерде, адвокаттық дәстүрлер терең қалыптасқан елдерде өңірлік адвокаттар бірлестігі жұмыс істейді. Олар жергілікті жерлердегі адвокатура қызметін үйлестіреді, адвокаттардың кәсіби дайындығын қамтамсыз етеді. Биліктің орталық органдарында, Парламентте адвокаттық қауымдастықтың мүддесін қорғайды», деді Ж. Элиманов. Оның айтуынша, заң шеңберінде құрылуы жоспарланған адвокаттардың республикалық бірлестігі кәсіби әдеп кодексін әзірлейтін болады. Бүгінгі күнге дейін адвокаттық қызмет туралы заң жобасында әлгіндей кодекс қабылдау туралы нормалар енгізілмеген екен.