Республикалық комиссия 256 үміткерге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының отырысында 256 үміткерге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.
«Болашақ» стипендиясының түлектері еліміз экономикасының түрлі салаларының дамуында лайықты өз үлестерін қосып келеді. Бүгінгі отырыста осы стипендия тағайындалатын үміткерлердің өтінімдерін қарастырдық»,-деді Мемлекеттік хатшы.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, «Болашақ» бағдарламасына үміткерлердің көпшілігі құжаттарын Ұлыбритания, Ресей және Канада мемлекеттерінің оқу орындарына тапсырған. Үміткерлер «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Мемлекеттік басқару», «Мұнай-газ ісі», «Құрылыс және сәулет», «Құқық», «Биотехнология», «Экономика», «Математика» мамандықтарын өздерінің оқу үдерісінде басымдықты пәндер ретінде белгілеген.
Қ. Саудабаев «Назарбаев Университеті» ашылғанын айта келе, «бұл оқу орны ең жоғары халықаралық талаптарға сай мамандықтарды даярлайды. Атап айтқанда, оқу орны отандық сапалы жоғары білімнің локомотиві болмақ»,- деді. Мемлекеттік хатшының айтуынша, «Назарбаев Университетіндегі» студенттердің саны артқан сайын сәйкес мамандықтар бойынша «Болашақ» бағдарламасы аясында гранттар қысқаратын болады. Осы орайда енді аталған университетте оқытылатын мамандықтар «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге іріктелінбеуі мүмкін. Қ. Саудабаев бұл тұрғыда бағдарлама бойынша стипендия иелерін іріктеудің және оларды шетелге жіберудің ұстанымдары қайта қарастырылуы керектігін айтып өтті.