Республикалық маңызы бар автожолдар күтіп-ұстаудың қысқы режиміне көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық маңызы бар автожолдар күтіп-ұстаудың қысқы режиміне көшірілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-дан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Республикалық маңызы бар автожолдар күтіп-ұстаудың қысқы режиміне көшірілді

Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы қыс мезгілінде күре жолдарды қардан тазалап, күтіп-ұстауға қажетті арнайы техниканы, 400 өндірістік база мен қойманы, 125 жылыту пунктін дайындады.

Көктайғаққа қарсы материалдарды әзірлеу әлі де жалғасуда, атап айтқанда —120 мың текше метр құм, 23 мың тонна тұз, 1200 тонна химреагент қоспалары дайындалуда.

«Сонымен қатар қалың қар басу қаупі жоғары учаскелер анықталды. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрайды. Қысқы күтіп-ұстау жұмыстары аясында бұл учаскелер ерекше бақылауда», - деді компаниядан.

Бұл ретте, республикалық трассалармен алыс сапарға аттанарда көлікті әбден дайындау қажет.

Бұдан бөлек:

- күн райының бұзылуы мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты жазғы автомобиль шиналарын қысқы шиналарға ауыстыру;

- алыс сапарға аттанар алдында көліктің техникалық жай-күйін және жанармай мөлшерін тексеру;

- ауа райы күрт нашарлағанда жол қозғалысы ережелерін қатаң түрде сақтау;

- көлікте қалың киім мен медициналық алғашқы көмек қорапшасы болуы;

- ауа райы болжамын жіті қадағалап, дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдау қажет.

Штаттан тыс жағдай туындаған жағдайда «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай 1403 телефон номеріне жүгінуге болады.