Республикалық маңызы бар автожолдардағы жағдайлар қалыпты - Көлік және коммуникация министрлігі
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына (жылдамдығы 25 м/с ұйытқыма жел, қарлы бұрқасын) және жолдың көріну мүмкіндігінің шектелуіне байланысты кешелі бері, яғни ақпанның 9-ы күні сағат 09.30-тен бастап «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының «Баршатас-Аягөз» учаскесінде барлық автокөлік түрлеріне қозғалыс жабылды,
деп хабарлады Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұл учаскеде «Қазақавтожол» кәсіпорнының 7 жол-пайдалану техникасы тұрақты режімде жұмыс жасауда. Жолаушыларға уақтылы көмек көрсету мақсатында жол бойын тұрақты аралап отыру шарасы жолға қойылған.
Ақпанның 9-нан 10-ына қараған түні кейбір жерлерде ауа температурасының 46 градусқа дейін төмендеуіне байланысты, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша тұтастай, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар қалаларынан жолаушылар және дизельді көліктердің түн мезгіліндегі қозғалысы шектелген болатын. Қазіргі уақытта шектеулер алынып тасталды.
Республикалық маңызы бар басқа автожолдарда жол ашық.