Республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарға шектеулер қойылды
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолда көлік қозғалысына шектеу қойылды,
деп хабарлады «Қазақавтожол» РМК баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, Алматы облысында 21 желтоқсан күнгі сағат 09.40-тан бастап қолайсыз ауа райына (бұрқасын боран, жол көрінісінің шектелуі) байланысты "Үшарал-Достық" жолының 93-184 шақырылымы аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына шектеу қойылды.
Ал 23 желтоқсан күні сағат 12.00-ден бастап қолайсыз ауа райына (жаңбыр, көктайғақ) байланысты «Екатеринбор-Алматы» жолының 2436-2214 шақырымы аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысы шектелді.
Сол күні 13.30-дан бастап қолайсыз ауа райына (жаңбыр, көктайғақ) байланысты «Алматы-Көкпек-Көктал» жолының 70-164 шақырымында, "Моловодный-Шелек" аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысы жабылды. Бірақ сол күні сағат 14.25-тен бастап 70-126 шақырылым аралығында шектеу алынды.
23 желтоқсан сағат 20.25-тен бастап қолайсыз ауа райына (жаңбыр, көктайғақ) байланысты «Алматы-Өскемен» жолының 78-558 шақырымында "Қапшағай бекеті- Үшарал бекеті" аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысына шектеу қойылды. Шектеу бүгін таңертеңгі сағат 07.35-тен бастап 78-259 шақырымда алынды.
Жамбыл облысында кеше сағат 20.15-тен бастап қолайсыз ауа райына (көктайғақ) байланысты «Екатеринбор-Алматы» жолының 2214-2120 шақырымында "Алматы обл. шекарасы-Үлкен" аралығында автокөліктің барлық түрлері үшін жол қозғалысы шектелді. Аталған жолдарда автокөліктердің үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақавтожол» РМК-ның ЖПБ (Жол пайдалану бөлімшесі) арнайы қар тазалау техникалары кезекшілікке шықты.