Республикалық маңызы бар жолдардың 464 шақырымын реконструкциялайтын мердігерлер белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күнге ашық конкурс арқылы ұзақтығы 464 шақырым автожолдың 16 учаскесін реконструкциялайтын мердігерлер айқындалды.

Республикалық маңызы бар жолдардың 464 шақырымын реконструкциялайтын мердігерлер белгілі болды

"Олардың ішінде Орталық-Оңтүстік дәлізінің 3 учаскесі, Орталық-Шығыс дәлізінің 10 учаскесі, Астана-Петропавл автожолының 2 учаскесі, сонымен қоса Жезқазған-Есіл-Петропавл (Сәтпаев қаласының айналмасы) автожолының 1 учаскесі бар. Қазіргі кезде мердігерлер әзірлік жұмыстарын жүргізуде: топырақ өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығына ие болу, уақытша жер бөлу және орналасу орынын даярлаудың ресми құжаттарын дайындауда", - делінген ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінде.

Белгілі болғандай, таяу арада Орталық-Шығыс бағытындағы республикалық маңызы бар арақашықтығы 132 шақырым автожолдың 4 учаскесінде мердігерлер айқындалмақшы.

Жалпы, Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан автожолдарының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында бүкіл ел бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау жұмыстары кеңінен жалғастырылуда.

Сонымен, қазіргі сәтте жол-құрылыс жұмыстарымен республиканың барлық облыстары қамтылған. Бұндай жұмыстар жалпы ұзақтығы 2717 шақырымдағы 76 учаскеде жүргізілуде. Олар І және ІІ техникалық санаты бойынша жұмыс жүргізіліп, сәйкесінше 2, 4, және 6 жолаққа дейін кеңейтілетіндігін атап өткен жөн.

Ағымдағы жылы арақашықтығы 637 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жаңадан реконструкцияланған учаскелері бойымен қозғалыс ашу жоспарлануда.