Республикалық меншік бойынша жекешелендіруге 29 ұйым және 3 нысан өтеді – Е. Досаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық меншіктегі 114 ұйым қысқарады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Үкіметпен нақты жүзеге асырылатын уақыты белгіленген, бәсекелес ортаға берілуге жататын квазимемлекеттік сектор ұйымдарын айқындау жұмыстары өткізілді. Республикалық меншік бойынша жекешелендіруге 29 ұйым және 3 нысан (спорттық-сауықтыру «Нияз-Батыр» орталығы, демалыс аймағы «Чайка», демалыс аймағы «Алатау» «Алакөл» РМК) айқындалды. 11 ұйымды сенімгерлік басқаруға жеке бизнеске беріледі, ал 74-ті қайта құруға және жабуға ұсынылуда», - деді министр.
Сонымен қатар жекешелендіруге коммерциялық саладағы оқу және ғылым ұйымдары, санаторийлер, бұқаралық ақпараттық құралдары, күзет ұйымдары («Күзет» РМК) ұсынылған. «Нәтижесінде, республикалық меншіктік ұйымдар саны 28 пайызға немесе 114 ұйымға қысқарып, 277 ұйымды құрайды»,-деді Е. Досаев Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы жылдың 11 қазанында кеңейтілген үкімет мәжілісінде үкіметке жекешелендірудің екінші толқынында кәсіпорындар санын ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды.